Қостанай облысында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырыс жұмысына салалық басқармалар басшылары, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, өнеркәсіп және аграрлық кәсіпорындардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының өкілдері қатысты.
Кеңестің негізгі мақсаты — технологиялық міндеттерді шешу және өңірлік өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылым, өндіріс және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.
Отырыста Кеңестің 2025 жылғы жұмысының қорытындылары шығарылып, Қостанай өңірлік университеті мен Рудный индустриялық университетінде жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар қаралды.
📌Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес ғылыми жобалар экономиканың нақты қажеттіліктеріне және ел дамуының стратегиялық мақсаттарына бағдарлануы тиіс екені атап өтілді.
Өңірде ғылымды дамытудың 5 басым бағыты айқындалды:
▪ агроөнеркәсіптік кешен
▪ табиғатты орнықты пайдалану
▪ минералдық шикізатты қайта өңдеу және қалдықтарды қайталама пайдалану
▪ машина жасауда зияткерлік жүйелерді дамыту
▪ ақпараттық технологиялар және өнеркәсіпті цифрландыру
Өңірлік кеңес ғылым мен өндіріс арасындағы тиімді әріптестікті дамыту және практикалық ұсыныстар қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.
