Маусым айының 10-14 аралығында Түркістан облысында жоғарғы білім көрмесі өткізілді. Аталмыш көрменің мақсаты «Серпін» бағдарламасы бойынша білім беру гранттары туралы ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу болатын. Айта кетейік, биылғы жылдан бастап академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті «Серпін» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыс орналастырылған жоғары білім беретін оқу орындарының қатарына кіріп отыр.
Ағымдағы жылдан бастап оңтүстік өңірлерден келіп, білім алатын студенттер саны бірнеше есеге көбейетіні болжануда. Өткізілген көрмеге республиканың жиырмадан астам университеттері қатысып, ақпарттық түсіндірулер жүргізді. Көрме Түркістан қаласы, Шымкент қаласы және Түркістан облысының бірнеше аймақтарында төрт күн бойы жалғасты. Көрмеге келген мектеп бітірушілердің саны бірнеше мыңнан асып жығылды, соның ішінде Жетісай қаласында өткен көрменің өзінде екі мыңнан астам мектеп бітірушілер мамандық таңдап, қай жоғарғы оқу орнына түсетінін пысықтап алды.
Көрме нәтижесі бойынша, мектеп түлектеріне университетіміздің материалдық базасы, сапалы білім жүйесі, мамандықтар түрлері мен қоғамдық жұмыстардағы нәтижелерімен таныстырылды. Барша білім алушылардың назарына университетіміздің қабылдау комиссиясы жұмысын бастағанын жеткіземіз. Жаңа оқу жылында толағай табыс пен жаңа белестер бізді күтуде!