2024 жылдың 5 сәуірінде академик Зұлхарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің базасында Қостанай облысы бойынша 10-11 сынып оқушылары үшін «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңі өтті. Олимпиадада облысымыздың 11 ауданы мен 4 қаласынан 73 оқушы бақ сынады, оның ішінде: 10-сыныптың 36 оқушысы, 11-сыныптың 37 оқушысы.
Олимпиаданы ұйымдастырушылар «ЗЕРДЕЛІ» білім беру орталығы, «Қостанай дарыны» аймақтық оқу-әдістемелік орталығы және академик Зұлхарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік–техникалық университеті болды.
Олимпиаданың мақсаты: мектеп оқушылары арасынан ерекше дарынды балаларды анықтау, ғылымға баулу, оқушыларды математикалық ұғымдарды талдауға, сыни тұрғыдан ойлауға, күрделі есептерді шешуге дайындау.
Республикалық олимпиаданың жеңімпаздарына Қазақстанның жоғары оқу орындары 77 грант, оның ішінде академик Зұлхарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінен 5 грант табыстады. Олимпиадаға қатысушылар кәсіптік бағдар беру презентациясының нәтижесінде университеттің білім беру бағдарламаларымен, студенттердің іс—шараларымен және тәжірибе базаларымен танысуға мүмкіндік алды, сонымен қатар университеттің негізін қалаушы академик Зұлхарнай Алдамжардың мұражайына барды.
Университеттің гранттарын олимпиаданың келесі қатысушылары алды:
-Әбдібек Мұхамеджан;
-Қабиев Иманғали;
— Медеу Нұралы.
1 орын жүлдесін Мекембай Дамир – тур Дубайға алды.
Сондай-ақ, «ЗЕРДЕЛІ» білім беру орталығы жүлделі орынға байланысты мектепте оқуға түрлі жеңілдіктер жасады.